Павлодарда зағиптардың қазақ тілін үйренуіне арналған оқулық жарық көрді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда С.Торайғыров атындағы облыстық орталық кітапханада зағиптарға және нашар көретін жандарға арналған Шолпан Кинжикованың «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова авторлық еңбегінің аталмыш санаттағы мүгедектер үшін көп көмек екенін атап өтті. - Бұл санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандар баршылық, - деді Шолпан Кинжикова. - Мұның барлығы сағаттап көз алмай отыратын технологиялардың кесірінен. Осы мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Кітап шығару жөнінде орталығымызға бұл санаттағы мүгедек тобына жататын сыйлы адам өтініш білдірген болатын. Идея сол жаннан туды десе де болады. Өздері ниет білдіріп отырғандықтан қол қусырып қарап қалмау керек. Қоғамның көмектесіп жатқанын біліп, жүректерінде сенім ұялайды».

Шолпан Кинжикованың айтуынша, кітап арнайы Брайль қарпімен басылған. Ішінде қазақ тілін үйренуге арналған сабақтар бар. Оған қоса, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар енгізілген. Қаржыландыру «Ана тілі» орталығының тарапынан жасалды. Сонымен қатар бұл оқулықтың 2018 жылы тағы 50 данасын басып шығару жоспарланған. Наурыз айынан бастап аталмыш санаттағы мүгедектерге арнайы курстар ұйымдастырылып, сабақтар өткізілмек.

 Айта кетелік, жаңадан шыққан 12 дана оқулық толығымен қолдан басылған. Оған Брайль жүйесін меңгерген Павлодар қаласындағы зағиптар мен көздері нашар көретіндерге арналған арнайы кітапхананың екі маманы көмектескен.