Павлодарда Zerek-2 камерасы қысқа уақытта 60 млн теңгенің заң бұзушылығын анықтады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақпараттық жүйелер 20 мамырдан бастап Павлодар-Омбы және Павлодар-Қалбатау автожолдарында жұмыс істей бастаған. Небәрі 10 күннің ішінде жүргізушілерге 60 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

ZEREK-2 жүйесінің сертификатталған аппараттық-бағдарламалық кешені бұған дейін Павлодар-Астана бағытында жұмыс істеп тұрса, енді ол Омбы мен Қалбатау бағыттарындағы күре жолдардың бойында да орнатылған.

— Бұл кешен көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын автоматты режимде өлшеуге, құқық бұзушылықтарды тіркеуге, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға және одан әрі ақпаратты ҚР Бас прокуратурасының әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізіліміне деректер базасына беруге арналған. Онда айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқама электрондық тәсілмен тіркеледі. Павлодар-Омбы, Павлодар-Қалбатау автожолдарында 20 мамырда орнатылған ZEREK-2 жүйесі айналдырған 10 тәуліктің ішінде жалпы сомасы 60 млн теңгеден асатын жол жүру ережелерін бұзушылықты анықтады, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полициясының бастығы Борис Әлімбаев.

Мәселен, Павлодар-Омбы автожолында Toyota lc 300 автокөлігінің жүргізушісі белгіленген қозғалыс жылдамдығының шегінен 92 км/сағатқа асып түскен. Көліктің камерада тіркелген жылдамдығы — сағатына 192 км. Ал бұл жолда рұқсат етілген жылдамдық — сағатына 100 км.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында жол ережесін бұзған борышкерлерден 49 млн теңге өндірілді.