Павлодарда зейнеткерді тонамақ болған күдікті қамалды

Фото: Рolisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодарда полицейлер зейнеткер әйелді тонамақ болған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдіктіні ұстау мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.

— 11 наурыз күні полицияға тонау әрекеті туралы хабарлама түсті. Камзин көшесіндегі тұрғын үйдің лифтінде, кейін подъезінде белгісіз ер адам зейнеткердің азық-түлік салынған пакеті мен әмиянын тартып алуға тырысқан. Алайда күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел қызметкерлер күдіктінің қашу бағытын бейнебақылау камераларындағы жазбалар ақрылы зерделеді. Нәтижесінде Екібастұз қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов. 

Аталған факті бойынша тонауға оқталу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Осыған дейін Павлодарда киберполицейлер зейнеткердің 5 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалған болатын.