Еске салайық, Павлодарда телефон алаяқтарының арбауына түскен зейнеткер ерлі-зайыпты банк бөлімшесіне торттың ішіне жасырылған пиротехникалық бұйымды апарып, жарылыс болған. Кейін олардың жалған инвестициялық жобаға ақша салып, алаяқтарға алданып қалғаны анықталды.
Артынша қаскөйлер қайта хабарласып, «ақшаңызды қайтарып береміз» деген желеумен психологиялық қысым жасап, осы әрекетке итермелеген. Қазір осы дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Сұлтан Рысбаевтың айтуынша, қазір күдіктілерді анықтау және ұстау бағытындағы жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
– Қазіргі уақытта аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қылмыстық істің өзге мән-жайы жария етілмейді, – деді ол.
Полиция өкілінің сөзінше, тергеу барысында бұрын тіркелген интернет алаяқтығы фактісі бойынша дроппер ретінде әрекет еткен адамдар анықталған.
– Олар заң аясында жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сот тәртібімен жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр, – деді Сұлтан Рысбаев.
Ол азаматтарды алаяқтардың жаңа айласына алданып қалмауға шақырды.
– Бір рет алаяқтарға алданған адамдарға қайта хабарласып, «ақшаңызды қайтарып береміз» немесе «өтемақы рәсімдеп береміз» деген ұсыныстар айтылса, бұл – алаяқтықтың жалғасы. Сондықтан күмәнді қоңырауды бірден тоқтатып, ешқандай нұсқауды орындамай, жақындарыңызбен ақылдасып, дереу полицияға хабарласу қажет, – деді полиция өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнеткерлерді интернет алаяқтарынан қорғау мақсатында олардың атына онлайн несие рәсімдеуге тыйым салынғаны хабарланған болатын.