Павлодарда жалған коттеджді жалға беріп келген алаяқ сотталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өскемен қаласының 25 жастағы тұрғыны №73 түзеу мекемесінде тергеуде отырып, жалған коттедждерді жалға беру арқылы адамдарды алдап келген.

Фото: Polisia.kz

Павлодар қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне сүйенсек, айыпталушы 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында №73 мекемесінде болған. Ол колонияда отырып, ұялы телефонды пайдаланған. Сол арқылы «Павлодар мен Бұқтырмада коттедждер жалға беріледі» деген жалған хабарландырулар жариялай бастаған.

- Әлеуетті клиент хабарласқан уақытта ол үйді жалға алу мүмкіндігі туралы көрінеу жалған мәлімет берген. Кейіннен клиенттен үйді жалдау туралы оң жауап алған соң, банктік шотқа алдын ала төлем аударуды талап еткен. Түскен қаражатты жымқырып, өз қажетіне жаратып отырған, - делінген Павлодар қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.

Алаяқтың қармағына түскендер аз емес. Іс құжаттарында 30 дерек тіркелген. Ол адамдардың аңқаулығын пайдаланып, 10, 25, 45 мың теңге көлемінде алдын ала төлем алып, артынан ізін суытып отырған. Осылайша заңсыз жолмен 795 мың теңге табыс тапқан.

Сотта қылмыстық іс алаяқтық дерегі бойынша қаралды. Өскемендік азаматтың бұған дейін де осы бап бойынша, сондай-ақ ұрлық пен тонау деректері үшін сотталғаны анықталды. Жалған коттеджерді жалға беру ісінде ол өз кінәсін мойындаған жоқ.

Дегенмен жиналған дәлелдемелер айыптау үкімін шығаруға толық негіз болды. Сот шешімімен айыпталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетерлігі, сотта жәбірленушілердің барлығы бірдей шығынды өтеу туралы азаматтық талап арыз түсірмеген. Сондықтан сот сотталушыны тек 110 мың теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттеді.

Еске сала кетейік, полиция алаяқтықтың жаңа тәсілі шыққанын ескертті.