Павлодарда жаңа туған егіздер санавиациямен облыс орталығына жеткізілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оларға шұғыл түрде медициналық көмек көрсету қажет болған. Қазіргі уақытта жаңа туған нәрестелер медициналық орталықта ем алып жатыр.

Фото: ШҚО ТЖД

«ҚазАвиаҚұтқару» тікұшағының экипажы Шарбақты ауданынан Павлодар қаласына жаңа туған егіз сәбилерді шұғыл түрде жеткізді. Ұшақ бортында сәбилерге санитарлық авиацияның мамандандырылған дәрігерлер бригадасы бірге болған.

- Сәбилер түнде дүниеге келіп, жоғары білікті мамандардың көмегін қажет еткен. Ұшу барысында ешқандай қиындықтар тіркелмеді. Бұл ұшқыштардың жоғары кәсібилігі мен медициналық қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды, - деп хабарлады өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта жаңа туған нәрестелер медициналық орталықта ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайын дәрігерлер тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

Еске сала кетейік, Қазақстанда егіздер саны артып, шала туған сәбилер үлесі азайған.