Павлодарда жаңартылып жатқан әуежай қашан ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстарына бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі уақытта әуежайды жөндеу жұмыстары бел ортаға таяп қалған. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға бөлінген қаражат жобаны толық аяқтауға жеткілікті.
– Мердігер ұйым «KyrylysGroup RK» ЖШС әрі қарай асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін ұшу-қону жолағында деформациялық жіктерді орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 16,4 млрд теңге. Оның ішінде Ұлттық қордан 4,8 млрд теңге, республикалық бюджеттен 600 млн теңге және облыстық бюджеттен – 1,6 млрд теңге қарастырылған. Ал арнайы мемлекеттік қордан 9,3 млрд теңге бөлінген, – деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Қапенов.
Бүгінде перронда, жер үстімен жүру жолында және ұшу-қону жолағында асфальт-бетон жабынын фрезерлеу, жол жамылғысының негізін орнату жұмысы орындалған. Бұған қоса перронда жерге тұйықтау контуры, ал ұшу-қону жолағы мен өзге де жүру бөліктерінде дренаж жүйесі салынған. Одан бөлек периметрлік қоршау, бейнебақылау жүйесі және периметрді жарықтандыру жұмысы да аяқталған.
– Жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі – 51%. Жобаны аяқтау мерзімі 2026 жылдың шілде айына белгіленген. Ал әуежайды пайдалануға беру тамыз айына жоспарланып отыр. Әуежай ашылған уақытта Павлодар-Астана, Павлодар-Алматы бағыттары бойынша әуе рейстерін қайта жандандыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Шымкент қаласына, Батыс Қазақстан облысына, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Беларусь, Түркия және Мысыр мемлекеттері бағыттарында халықаралық рейстер ашу мәселесі қарастырылып жатыр, – деді әкімдік өкілі.
Әуежайдың қыруар қаржыға жаңаруы келешекте ұшақ билетінің қымбаттауына негіз болуы мүмкін бе деген сұрағымызға әкімдіктегілер: «Бүгінгі таңда ұшақ билетінің құнын өсіру жоспарда жоқ» деп жауап берді.
Еске сала кетсек, былтыр қаржы жеткіліксіздігіне байланысты Павлодар әуежайын жөндеу тағы бір жылға ұзарған еді.
Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен реконструкцияланатыны туралы да жаздық.