Павлодарда жаңажылдық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің қорытындысы шығарылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 51 тауар өндіруші қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов Instagram парақшасында Павлодарда өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесінің қорытындысын жариялады.
- Жәрмеңкеге Павлодар облысының 51 тауар өндіруші, қайта өңдеуші кәсіпорындары қатысты. Сиырдың - 25 тұтас еті, жылқының - 20 тұтас еті, қойдың - 20 тұтас еті, шошқаның - 5 тұтас еті, құс еті - 2,5 тонна, балық - 2 тонна, жұмыртқа - 72 мың дана, шұжық өнімі - 3,5 тонна, өсімдік майы - 4 тонна, картоп - 15 тонна, қырыққабат - 5 тонна, қияр - 1 тонна, қызанақ - 1 тонна және басқа да өнімдер сатылды, - деп жазды өңір басшысының орынбасары.

Асайын Байхановтың айтуынша, жәрмеңке ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандырып қана қоймай, павлодарлықтарды табиғи, экологиялық таза және жаңадан әкелінген азық-түлікпен қамтамасыз етеді.
Еске салайық, бұған дейін 26, 27, 30, 31 желтоқсан күндері Павлодар облысының 3 қаласында ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетінін хабарланған болатын.