Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, елдің транзиттік әлеуетін арттыру және халықаралық сауда байланыстарын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде Қазақстан мен Ресей шекарасындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі уақытта «Қосақ» және «Шарбақты» өткізу пункттерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ресей Федерациясының Новосібір облысымен шекарада орналасқан Успен ауданындағы «Қосақ» автокөлік өткізу пунктіндегі құрылыс жұмыстары 84%-ға аяқталған. Жобаны аяқтау алдағы желтоқсан айына жоспарланған.
Келесі нысан – Ресейдің Алтай өлкесімен шекарада орналасқан Шарбақты ауданындағы «Шарбақты» өткізу пункті. Жобаны «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген.
Павлодар облысы әкімдігінің дерегінше, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде қос өткізу пунктінің де өткізу қабілеті кемінде екі есеге артады. Қазіргі уақытта олар арқылы тәулігіне 500-ге дейін көлік құралы мен 1 мың адам өте алса, қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш тәулігіне кемінде 1 мың көлік құралы мен 3 мың адамды құрайтын болады. Инфрақұрылымды жаңарту заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ көлік құралдарын, тауарларды, жүк пен жеке тұлғаларды бақылау рәсімдерін жетілдіруді де көздейді.
Жалпы 2030 жылға дейін шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі республикалық Жол картасына Павлодар облысындағы 5 автокөлік өткізу пункті енгізілген. Олар - «Қосақ», «Үрлітөбе», «Шарбақты», «Амангелді» және «Найза».
Еске сала кетейік, «Қорғас» және «Алашанькоу» шекаралық тораптарын жаңғырту бойынша келісімдер жасалды.