Павлодарда жарық диотты бағдаршамдар орнатылады
11:59, 07 Сәуір 2012
ПАВЛОДАР. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Бағдаршамдарды қайта жөндеу және жаңаларын орнату, жол белгілерін орналастыру жұмыстарына Павлодардың қазынасы 87 млн. теңгеге шығындалады, деп хабарланды қала әкімінің баспасөз қызметінен.
Бүгінгі күні көшелерде жол қозғалысын 107 бағдаршам реттеп тұр, олардың тек 38-і жарық диотты типті.
«Бағдаршамдардың 63 пайызы өз мерзімдерін өтеді. Біз 68 автоматты реттегішті қайта жөндеуден өткізуіміз керек. Сондай-ақ көру мүмкіндігі төмен адамдардың қауіпсіздігі мен ыңғайы үшін синхронды дыбысы бар қосымша арнайы бағдаршамдарды орнату қежеттігі туып отыр», - деді тұрғын үй-коммуналдық бөлімі бастығының орынбасары Азамат Нығматов.
Қаланың адам көп жүретін қиылыстарында қосымша жаңа 5 бағдаршам орнатылады, бұл Павлодарда қозғалыс қауіпсіздігін арттырады.