Павлодарда жарықты, жылуды және суды үнемдеуге бағытталған «Жасыл орам» жобасы әзірленді
09:20, 26 Сәуір 2013
ПАВЛОДАР. 26 сәуір. ҚазАқпарат - 8 жылды қамтитын «Жасыл орам» бағдарламасының жобасы қуат тиімділігін арттыруға бағытталған.
Оның жай-жапсары кеше өңір әкімі Ерлан Арынның қатысуымен өткен кеңесте кеңінен талқыланды.
Жоба қаланың Усольск ықшамауданында іске асырылмақ. Есептеу құрылғыларын орнату есебінен қуат көздерін тиімді түрде пайдалануға жол ашылып, жарықты, жылуды, суды жеткізу жүйесінің нәтижелілігі арттырылады деп күтілуде.
Е.Арын қала басшысы Оразгелді Қайыргелдиновке бағдарламаны толық әзірлеп, бекітуді және тұрғын үйлерде су мен жылуды есептеу құрылғыларын орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жүктеді.