Павлодарда жас келіндер сынға түседі

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жас келіндер сынға түсіп, өздерінің жан-жақтылығын дәлелдейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Байқау бес кезеңнен тұрады. Бірінші бөлім - «Менің отбасым - менің бақытым» деп аталады. Мұнда әр қатысушы өзінің қандай келін екенін көрсететін бейнебаян түсіруі керек», - деп хабарлады Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың жастар бастамаларын дамыту орталығы.

Екінші бөлімінде келіндер шеберлігімен сынға түсіп, үй тапсырмасын орындауы шарт. Әр қатысушы алдын-ала әзірлеп әкелген ұлттық тағамын байқау төрешілеріне екі минут ішінде таныстырып шығуы керек.

«Ас үй білгірі» деп аталатын үшінші бөлімінде әр қатысушы «қазақша» шай құю дәстүрін көрсетіп, әділқазылар алқасының көңілінен шығуға тырысады. Үшінші бөлімнің екінші кезеңінде келіндер нан жаю арқылы сынға түсетін болады», - дейді ұйымдастырушылар.

Ерекше байқаудың төртінші бөлімі «Бақытты ана» деп аталады. Бұл кезеңде қатысушылар баланы бесікке бөлей отырып, бесік жырын айтады.
«Шығармашылыққа көбірек көңіл бөлінетін бесінші кезеңде келіндер өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсете білуі керек. Әр кезең сайын төмен ұпай жинаған екі қатысушы байқаудан шығарылып отырады», - дейді ұйымдастырушылар.

Байқаудың барлық шарттарынан мүдірмей өткен қатысушы «2019 жылдың үздік келіні» аталымына ие болады.

«2019 жылдың үздік келіні» байқауы алтыншы наурыз күні, сағат 14:00-де Павлодар қаласындағы жастар бастамаларын дамыту орталығында өтеді. Келіндер додасына 29 жасқа дейінгі Павлодар облысының жас келіндері қатыса алады.