Облыстық прокуратура «Жастар» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы сәулет және жер заңнамасының нормаларына қайшы екенін анықтады.
«Жергілікті атқарушы орган өнеркәсіптік зауыттардан максималды қашықтықты есепке алмай, көппәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандар салуды жоспарлаған. Яғни, өндірістік, коммуналдық және қойма объектілері жақын маңдағы тұрғын үй-азаматтық құрылыстардың санитарлық-қорғау аймағын бұзатын еді. Жалпы құрылыс алаңы 186 гектар болды. Қадағалау актісі бойынша заңсыз жоспарлау жобасы жойылды», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Шалғымбаевтың айтуынша, болашақ шағын ауданды егжей-тегжейлі жобалау 2020 жылы қабылданған. Ал 2022 жылдың наурызында демеушілер есебінен түзету енгізілген. Ол бойынша аумақта тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрғызылуы керек еді.
«Жобаны әзірлеуші «ГеоДата Плюс» ЖШС аумақты тыңғылықты зерттеп, аудан ешбір санитарлық және экологиялық нормаларды бұзбайтынын көрсеткен. Санитариялық-қорғаныш аумақтары есептей келгенде мың метрден асты. Бұған қоса ол жерде 10 мың түп ағаш отырғызылды. Бас жоспарға сәйкес, болашақ ауданның басым бөлігі тұрғын үйлер мен қоғамдық құрылыстарды салуға арналған резервтік аумаққа енгізілген. Бірақ ауданның біраз бөлігінің өнеркәсіптік аумаққа да қатысы бар», - деп түсіндірді Ж.Шалғымбаев.
Қала билігі прокуратураның мәлімдемесімен дауласпайтынын жеткізді. Соған сәйкес жобалауға енгізілген түзетулерді жою туралы қаулы қабылданды. Ол кейінірек қайта қаралмақ.