Павлодарда жазғы уақытта 47 жағажай ашылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жағажайларды маусымға дайындау үшін бюджеттен 93 млн теңге бөлінген. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері барлық жағажайдағы судың түбін зерделеп шығуды жоспарлап отыр.

Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алдағы жазда Павлодар облысының аумағында 47 жағажай ресми түрде жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Бұған қоса облыс аумағында 122 каркасты-модульдік бассейндер бар. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары «Бақытты балалық шақ» қауіпсіздік мектебін ұйымдастырып, апта сайын балалар мен ересектер үшін судағы қауіпсіздік ережелерін, жүзуді және алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді үйрететін болады.

«Алдағы суға түсу маусымына байланысты дайындық жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 93 млн теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жағажайларды абаттандыруға жұмсалады. Жаз бойы мүдделі органдармен, еріктілермен бірлесіп су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында рейдтік профилактикалық іс-шаралар жүргізілетін болады. Азаматтарға сақтық шараларын жиі-жиі ескертіп отырамыз. Сондай-ақ білім беру ұйымдарымен де жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.

Суға түсу маусымы басталғанға дейін жергілікті әкімдіктердің өтінімі бойынша төтенше жағдайлар департаменті жағажайлардағы судың түбін зерделеп шығады. Облыста әзірше мұндай өтінім бергендер жоқ. Негізгі дайындық мамыр айының екінші жартысынан басталады деп күтіліп отыр.

Темірлан Жапалбайдың айтуынша, өткен жылы облыста 6 адам суға батып кеткен, олардың үшеуі - қараусыз жүрген балалар. Адамдар көбіне арнайы жабдықталмаған жерлерде немесе рұқсат етілмеген учаскелерде тілсіз жаудың құрбаны болады.