«Біріншіден, қарға себілген тұз көліктің төменгі шағын шірітіп, бізді шығынға батырады. Бір автобусты жөндеу үшін 450 мың теңге ақша мен үш апта уақыт кетеді. Тұз себуді тоқтату керек. Екіншіден, жеңілдігі бар жолақының күшін жою керек деп есептеймін. Себебі, біз жалған құжат жасатып алып, қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүретін екі сыныпты анықтадық. Мектеп директорына уәде бергендіктен, қай білім ордасы екенін айтпаймын. Сонымен қатар, жуырда Теміржол колледжінің бір студенті жалған анықтамасымен ұсталып қалды. Мұндай бұзушылықтар бізді шығынға батырап жатыр. Қазірден алаяқтыққа барса, есейе келе ол балалар елге зиянын келтіреді»,- дейді Александр Панченко.
Өз кезегінде қалалық мәслихаттың хатшысы Зәуреш Мұқашева бұл мәселені білім басқармасы арқылы шешу керектігін атап өтті. «Бұлар - біздің балалар, оларды тәрбиелеуіміз керек. Қандай мектеп екенін айтып, директормен және білім басқармасымен кеңесе отырып шешімін табуға болатын сияқты. Бірнеше адамға бола, бүкіл баланы жеңілдіктен айырудың керегі жоқ», - деді Зәуреш Мұқашева.
Қалалық ТҮКШ мамандарының айтуынша, қысқы мезгілде жолдарға тұз емес, тұз қосылған арнайы қоспа себіледі. Тұзсыз реагенттерді алу көп қаржыны талап етеді. Аталмыш мәселе әлі де ашық күйде қалып отыр.