Ол өңірдегі жолдардың қысқа дайындығы туралы баяндама жасады. Алайда аймақ басшысы баяндаманың «шенеунік» тілімен дайындалғанына, Қанат Қашкировтың өзі ақпаратпен дұрыс таныс емес екеніне және нақты сұрақтарға жауап бере алмағанына наразылығын білдірді.
2023 жылы Павлодар облысының жолдарына 1,2 млрд теңге бөлінген. Ал ұзындығы 2 849 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдарға небары 545 млн теңге бөлінгенін, бұл нормативке сай келмейтіні айтылды. Павлодар және Майский аудандарына қыс маусымында жолдарды күтіп ұстауға тиісті мөлшерден аз қаржы аударылған.
- Екі ауданның да бюджеті жақсы болғанымен, бұл аудан әкімдерін тұрғындардың қауіпсіздігі алаңдатпайды. Салалық басқарма ретінде бүркемелеп сөйлеуге болмайды. Аймақта мыңдаған мәселе бар, оған мен назар аударуым үшін нақты айтылуы керек. Қазір қар жоқ делік. Олар үнемдеп отырған шығар. Мүмкін бұл қаражат аудандарға жетіп те қалатын шығар. Бірақ қаржы артығымен қарастырылуы керек, - деді облыс әкімі.
Жиын барысында жолдарды қыс маусымына дайындау кезінде кей жерлерде шөптер орылып, ағаш бұталары қырқылмағаны және қардан қорғайтын қалқалардың орнатылмағаны анықталды. Бұл жұмыстар облыстың жеті ауданында жүргізілмеген. Ведомство басшысы Қанат Қашкиров солардың үшеуін ғана есіне түсірді – Баянауыл, Майский және Павлодар аудандары.
Нәтижесінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының баяндамасы Қанат Қашкировтың жиналысқа дайын болмауына байланысты қабылданбады. Аймақ басшысы қарамағындағылардан жетекшілік ететін сала бойынша кәсібилік пен біліктілік талап ететінін баса айтты.
Көлік және автомобиль жолдары басқармасына облыстың әр ауданын аралап, жолдардың қысқа дайындығын тексеріп, келесі жиында есеп беру тапсырылды. Бөлім басшысына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.