Павлодарда жоғалып кеткен әйел 13 күннен соң табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 26 жастағы әйел әкесімен келіспей қалып, үйінен шығып кеткен. Жоғалған ана арада 13 күн өткенде Павлодар қаласынан табылды.

Фото: polisia.kz

Павлодар облысы Ертіс ауданында тұратын ананың жоғалғаны туралы құқық қорғау органдарына әкесі хабарлаған.

Әкесінің сөзінше, қызы 8 қаңтар күні Павлодар қаласына кетіп, содан оралмаған. Үйде оның екі кішкентай баласы қалған.

- Полиция қызметкерлері мен волонтер жастар көп жиналатын жерлерді тексеріп, қоғамдық орындардың барлығын сүзіп шықты. Барлық аумақтық полиция бөлімдеріне, сондай-ақ шекара маңындағы аймақтарға бағдар жіберілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде арада 13 күн өткенде жоғалған адам қалалық пәтерлердің бірінде болғаны анықталды.

Жас ананың айтуынша, әкесімен келіспей қалғанына байланысты үйден кетіп қалған. Тұрып жатқан жерін жасырып, айтпаған, - деді Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.

Полицейлер әңгіме барысында әйел адамның өзін біртүрлі ұстағанынан күдіктеніп, медициналық куәландырудан өткізген.

Нәтижесінде қанынан опиоидты метаболидтер түріне жататын «тропикамид» табылды.

Ертіс ауданының полиция қызметкерлері әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жас ананың тәртібі қаралатын материал дайындауда.