Жол апаты кезінде УАЗ Patriot, Audi 100, BMW және Lada Priora автокөліктері соқтығысқан.
Павлодар қалалық №1 ауруханасына алты ер адам жеткізілген. Олардың барлығы 2003-2006 жылдар аралығында туған.
- Зардап шеккендер түрлі жарақат алған. Біреуіне амбулаториялық көмек көрсетілген. Үш адам жансақтау бөлімінде, тағы бір науқас политравма бөлімінде, біреуі травматология бөлімінде ем алып жатыр. Ал тағы бір жарақат алған адам медициналық көмектен бас тартқан. Барлық науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тиісті тексерулер жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.
Облыстық полиция департаменті жазатайым оқиға салдарынан бір адам қайтыс болғанын мәлім етті.
- Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады, – деп хабарлады департаменттен.
Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізушілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде белгіленген жылдамдық режимін сақтау қажеттігін ескертеді.
Еске сала кетейік, Ақтау–Бейнеу тасжолындағы жол апатынан төрт адам мерт болды.