Сот мәліметінше, қылмыстық іс алаяқтық дерегі бойынша қаралған. Схеманы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының Павлодар ауданы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бұрынғы басшысы ұйымдастырған.
44 жастағы әйел қылмыстық схемаға өзінің қайын сіңлісін тартқан. Ол бухгалтер болып жұмыс істеген және бірнеше жеке кәсіпкердің электрондық цифрлық қолтаңбасына қол жеткізе алған.
Сондай-ақ схемаға олардың таныстары да қатысқан. Олар құжаттарын жалған жұмысқа орналастыру үшін беруге дайын жүкті әйелдерді іздестірген. Әйелдерге әдейі жоғары жалақы көрсетіліп, кейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты жоғары мөлшердегі әлеуметтік төлемдер алу көзделген.
— Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен дәлелденді. Куәлардың барлығы сотталушылардың оларға жұмысқа ресми түрде орналастырылуы мүмкін екенін және осының нәтижесінде бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақыны жоғары мөлшерде алуға болатынын түсіндіргенін көрсетті, — деді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бибігүл Сәбитденова.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, жүкті әйелдер кейін бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы төлемдерді өздерінде қалдырған. Ал босанғанға дейін берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді қылмыстық схемаға қатысушыларға беруі тиіс болған.
Осылайша 2022-2024 жылдар аралығында аталған схема бойынша 60 әйел жалған жұмысқа орналастырылған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 236 млн теңгеден асқан.
Сот іс материалдарын зерделей келе, барлық сотталушының кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді.
Схеманы ұйымдастырған бұрынғы бөлім басшысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол сот залында қамауға алынды.
Оның қайын сіңлісіне және тағы үш сотталушыға да 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда оларға жазаны өтеуді кейінге қалдыру түріндегі жеңілдік берілді.
Еске сала кетейік, Павлодарда әйел мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, жүктілік туралы жалған анықтама арқылы әкімшілік қамақтан жалтарған.