Павлодарда «Жыл жанашыры» атанғандар белгілі болды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жыл бойы әртүрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, демеушілік жасаған меценаттар арасында ұйымдастырылған «Жыл жанашыры» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде өткен шарада 10 адам «Жыл жанашыры» атауына лайық деп танылды. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қатысып, жаны жомарт жандар өздерінің өнегелі істерімен өзгеге үлгі бола білгенін атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаттарының бірі - мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Осы мақсатта өңірімізде «Жыл жанашыры» акциясы қолға алынып, белгілі кәсіпкерлерді әртүрлі әлеуметтік шараларға қатысуға шақырған едік. Жақында қатысушылардың тізімін жинақтап, жеңімпаздарын анықтадық», - деді Ернұр Дауенов.

Басқарма басшысы барша жеңімпаздарға арнайы әзірленген статуэткаларды және облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың атынан алғыс хаттар табыстады.

«Жыл жанашыры» жобасы жеңімпаздарының бірі - «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасы Тілеубек Рымбекұлы.

«Біздің мекеме мұндай игі бастамалардан қалыс қалмайды. Осы жылы көктемде екінші Павлодар шағын ауданында су алған үйлерге қажетті материалдарын жеткізіп беріп, жөндеу жұмысын жүргізуге көмектестік. Сонымен қатар, жалғыз басты зейнеткерлерге де жиі қарайласып тұрамыз», - дейді аталмыш мекеме директорының орынбасары Төлеген Күлжанов.