Павлодардағы ҚАЖ мекемесінен 15 смартфон мен PlayStation табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінен сотталғандарға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған заттар табылды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Фото: Pixabay.com

Прокуратура өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режим талаптарының сақталуын және тыйым салынған заттарды ішке өткізу арналарының анықталуын тексерді.

— Тексеру барысында мекемелердің біріндегі үй-жайдан 15 смартфон, алты Wi-Fi-роутер, сымды және сымсыз құлаққаптар, USB-кабельдер, флеш-карталар, Sony PlayStation ойын приставкасы және басқа да заттар табылып, тәркіленді, — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұл заттарды сотталғандарға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған.

Осы дерек бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабы (салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қазір тыйым салынған заттардың режимдік нысанға қалай жеткізілгені, оларды ішке өткізу арналары және бұған қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Оралда түрмеге темекі тасыған колония қызметкері сотталғанын жазған едік.