Заңнама бойынша тұрғын ғимараттың бөлігі сатылған уақытта салықтың мұндай түрінен босатылады.
Облыстық сотқа келіп түскен істе Павлодар қалалық құрылыс бөлімі мен жергілікті ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны айтылады. Құжат бойынша әкімдік Атамекен кентіндегі көпқабатты тұрғын үйден 30 пәтерді 122,2 млн теңгеге сатып алған және соның ішінде қосымша құн салығы үшін 13,1 млн теңге төлем жасаған.
«Тексеру комиссиясы соңғы 3 жылдағы бюджеттің жұмсалуын аудиторлық тексеру барысында 13,1 млн теңге соманың артық төленгенін анықтады. Салық кодексінің 396-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігінен басқа, тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бөлігін) өткізу қосылған құн салығынан босатылады. Соған орай ғимараттың негізгі құнына қосымша құн салығын қосымша енгізу заңға қайшы келеді. Бұған қоса салық органының мәліметінше ЖШС 13 089 642 теңге сомасында ҚҚС-ты бюджетке төлемеген. Осыған байланысты құрылыс бөлімі негізсіз төленген соманы өндіріп алу туралы сотқа жүгінді», - деп хабарлады облысттық соттың баспасөз қызметінен.
Сот бірінші интанциядағы талап арызды қанағаттандырды. Ал кәсіпорын иесі азаматтық істер жөніндегі алқаға апелляциялық шағым түсірді. Бірақ алқа кәсіпкердің шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Сот қаулы күшіне енді.