Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт құрғақ шөп пен ағаштардың жануынан шыққан. Өртті ауыздықтауға «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, орман шаруашылығының әуе кемесі және ТЖМ-нің «Қазәуеқұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
— Әуе арқылы жүргізілген сөндіру жұмыстары барысында тікұшақ төрт мәрте ұшып, өрт ошағына жалпы көлемі 12 тонна су төкті, — делінген хабарламада.
Қазір оқиға орнында өрт ошағын күзету және қайта тұтанудың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақты «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары бақылауда ұстап отыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға үндеді. Өртті байқасаңыз, 112 немесе 101 нөміріне дереу хабарласу қажет.
Еске салайық, бұған дейін бүгін ел бойынша жеті орман өрті тіркелгенін хабарлаған едік.