Павлодардағы ойқы-шойқы жол жүк көліктеріне шығын келтіріп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жүк көліктерінің жүргізушілері Павлодар қаласындағы айналма жол ретінде белгілі Жібек жолы көшесінің жағдайына шағымданып жатыр. Жол жабынының әбден илектеліп қалуы салдарынан кейбір жүргізуші дөңгелек жөндейтін орындар мен сервистік орталықтарға жиі жүгінуге мәжбүр.

Фото: Артем Викторов /Kazinform

Жібек жолы көшесі — Павлодардағы негізгі транзиттік бағыттардың бірі. Бұл жолмен күн сайын Өскемен тарапынан Ресейге қарай әртүрлі елдерден қатынайтын ауыр жүк көліктері өтеді.

Жүргізушілердің айтуынша, жолдың негізгі проблемалары теміржол өткелдерінің маңында байқалады. Бұл учаскедегі асфальт жабындары бірнеше айдан бері деформацияланып, илектеліп қалған. Ал жекелеген бөліктерде ой-шұңқыр пайда болған.

— Жол деген аты ғана. Мынау теміржол өткелінің жағдайын қараңызшы… Оның үстіне «Тоқта» деген белгі қойылған. «Тоқта» белгісі не үшін керек? Онсыз да тоқтаймыз. Бұл жолмен өтетін көліктердің барлығы бұзылып жатыр. Мұндай жолмен жүргің де келмейді, — дейді Ресейден келген жүк көлігі жүргізушілерінің бірі.

Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан дөңгелек жөндеу шеберханасының қызметкерлері биыл дөңгелек жөндеуге және ауыстыруға жүгінетін жүргізушілер саны айтарлықтай артқанын атап өтті. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Армения және басқа да елдерден келген жүк көлігі жүргізушілері бар.

— Ресейге қарай бет алған көліктердің барлығы осы жолмен өтеді. Түркиядан да, Армениядан да келеді, тіпті өткен күзде Франциядан келген жүргізуші болды. Ол түнде дөңгелегін жарып алып, осында келіп ауыстырған. Бұрын жүк көліктері бұлайша көп келмейтін. Әдетте бір-екі дөңгелек ауыстыратынбыз. Ал биыл бір аптаның ішінде ғана бес-алты дөңгелек ауыстырдық, — дейді жөндеу шеберханасының қызметкері Ермек Жүсіпов.

Жүргізушілердің пікірінше, жолды жөндеу кезінде бұл бағыттағы ауыр жүк көліктерінің қозғалыс қарқыны мен көлік салмағы ескерілуі қажет.

Павлодар қаласының әкімдігі Жібек жолы көшесіне жөндеу жұмыстары 2023 жылы жүргізілгенін хабарлады.

— Биыл жаз аса ыстық болуы салдарынан ауыр жүк көліктерінің қозғалысы қарқынды жол бөлігінің жабыны деформацияға көп ұшырады. Сондай-ақ жолдың кейбір тұстары көтеріліп кеткен, — деп хабарлады қала әкімдігі.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл Жібек жолы көшесінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды қайта жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2027 жылға аталған жол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері жол апатынан 137 бала қаза тапты.