Павлодардағы Ұзынсу ауылынан 9 адам эвакуацияланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазір облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 417 адам, 143 техника, 36 мотопомпа мен 4 жүзу құралы жұмылдырылған. 7 елді мекен мен автожолдардағы 5 учаске бақылауда тұр.
Қардың еруі мен нөсер жаңбырдың салдарынан аймақта 8 тұрғын үй су астында қалып отыр.
«Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл аудандарында орналасқан 7 елді мекен бақылауға алынып, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бес автожол учаскесіне бақылау жүргізілуде. Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен жағдай тұрақтандырылды. Су жинауға арналған шұңқырлар қазылып, траншеялар салынды, ауыл көшелерінен еріген су сорылып алынды. Қазір ауылдағы су деңгейіне бақылау жалғасып жатыр», - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Кеше Ертіс ауданындағы Ұзынсу ауылын топан судан қорғау үшін республикалық жолдың бұзылғанын хабарлаған едік.
Қазіргі уақытта аталған елді мекендегі үйлер мен аулаларды су басудан аман алып қалу үшін тасқынға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Бұл жұмыстарға 55 адам, 10 техника, 6 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Департамент өкілдерінің айтуынша, ауыл тұрғындары сумен, электр қуатымен, азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Ұзынсу ауылынан Ертіс ауылына 9 адамды эвакуациялады. Олардың 7-еуі – бала және 1 мүгедек пен 1 жүкті әйел бар.