Павлодардағы балабақшадағы жанжал: басшы жазаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда №21 балалар бақшасының басшысы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Онда тәрбиеші балаларға дөрекілік танытты деп айыпталған болатын, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлжан Қадырбаеваның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің басшысы бақылауды нашарлатқаны үшін ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.

«Тәрбиешінің көмекшісі кінәсін мойындады, ол жұмыстан босатылды. Бүгін балабақшада тексеру жүргізіледі. Егер тәрбиешінің кінәсі анықталса, ол  да тәртіптік жазаға тартылады», - деді Гүлжан Қадырбаева.

Сондай-ақ, ол балабақшаның алдыңғы орында екендігін атап өтті. Директоры Светлана Бертыбаеваның еңбек өтілі 35 жыл, ол мектепке дейінгі білім беру мекемесін 8 жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін оның үстінен шағым түспеген.

Еске салайық, Павлодарда №21 балабақшаның ата-аналары тәрбиеші балаларға дөрекілік танытады деп күмәнданған. Ол балаларды итеріп, желкелерінен ұрған. Балалар балабақшаға барудан бас тартқан. Ата-аналардың бірі күдігін сейілту үшін баласының киіміне диктофон тігіп қойған. Кейін таспадағы сөздерді естіп, шошыған.