Бұл туралы орталық директоры Серік Нұрғожин мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Бейімдеу орталығында тұрақты мекенжайы жоқ 104 адам бар еді», - дейді Серік Нұрғожин. - Оның 22-сі әйел адам болса, 82-сі ер адам. Енді тағы төрт адам қосылып, көрсеткіш 108-ге жетті. Ең жасы 30-да, ең үлкені 83 жасқа толады. 2017 жылы жүгінген 283 адамның 46-сы әйел адам, 237-сі ер адам. 2016 жылы үйі-күйі жоқ жүрген 308 адамға көмек көрсетілген болатын. Олардың арасында ерлердің саны басым - 243, қалған 65-і әйел адам».
1999 жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп жатқан орталық 100 адамға ғана шақталған. Серік Нұрғожиннің сөзіне сүйенсек, мұнда көбінесе өзінің тұрақты баспанасы жоқ, ішімдікке салынып кетуі салдарынан отбасынан айырылған, ешбір құжаттары жоқ жандар жиі келеді. Сонымен қатар, балаларының әке-шешелерін күтуге жағдайы болмағанда егде жасқа келген жандар осында келіп бас сауғалайды. Айта кетейік, жаңажылдық мереке күндері бейімделу орталығы сегіз қаңғыбасты қабылдаған.