Павлодардағы Гагарин атындағы саябақтың иесі - жастар

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін қала әкімі Нұржан Әшімбетов салтанатты түрде Гагарин саябағын павлодарлық жастарға тапсырды.

Саябақтың аумағында екі шағын футбол алаңы, велосипедшілер мен скейтбордшыларға және басқа да спорт түрлеріне арналаған кешендер тұрғызылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Бұрын қараусыз қалған саябақтың көріктене түскеніне қуаныштымын. Өткен жылы демалыс орнында бірқатар жұмыс жасалған еді. Алайда әлі де саябақ аумағын көгалдандыру қажет болып тұр. Бұл жұмыспен енді жастар айналысады деп ойлаймын. Сонымен қатар, міндетті түрде саябақтың иесі болуы керек. Сондықтан бүгін саябақты жастарға тапсырамыз", - деді қала әкімі. Нұржан Әшімбетов саябақтың символдық белгісін Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар үйлестіру кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Элина Паулиға табыс етті.
" Бізге сенім артып, аталмыш саябақты тапсырып отырғаныңызға жастар атынан үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта жастарды спортпен айналысуды насихаттап, саябақты таза ұстайды және демалыс орнын әрі қарай жетілдіруге үлесімізді қосатын боламыз", - деді Э.Паули.
Бұдан басқа, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыс әкімі Болат Бақауов пен қала әкімі Нұржан Әшімбетов жастармен бірлесе отырып, саябақтың аумағында 25 шырша екті.