Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдегі бірнеше техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орынында болды.
Химия-механикалық колледжінде аймақ басшысы химия кластері кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау барысымен танысты. Оқу орны студенттерінің өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналасатын «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Каустик» АҚ және басқа да зауыттар, кәсіпорындармен ұзақ жылдар бойы ынтымақтасып келеді. Колледжде қызметтерін павлодарлық кәсіпорындар пайдаланатын бірнеше сертификатталған зертхана жұмыс істейді.
«2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан біздің технопаркта биылдан бастап жұмыскерлерді «Жас маман« бағдарламасы бойынша даярлаймыз. Мұнда студенттер теориялық білім алып, слесарь және механика практикасынан өтеді. Олар машинист, аппаратшы және жөндеуші слесарь мамандығын меңгеріп, кез келген өндіріске шыға алады», - деп хабарлады оқу орнының басшысы Гүлнар Аманжолова.
Енді колледжде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында пластиктен жасалған бұйымдар өндірісін бастауға болатын ресурстық орталық іске қосылмақ. Әріптес инвестор қажетті құрал-жабдықты орнатып, оның негізінде тәрбиеленушілерді оқытуға дайын.
Әбілқайыр Сқақов жобаға қолдау көрсетілетінін айтты.
«Мұндай жобалар білім беру жүйесінің, бизнес-құрылымдар мен биліктің бірлесіп жұмыс жасағанының нәтижесі. Жобаны тезірек іске қосу үшін «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын үшінші серіктес ретінде тартуға болады. Өзара іс-қимылдың бюрократиялық кедергілерді болдырмайтын үлгісін құру қажет. Нақты идея, ең бастысы – механизмді пысықтау», - деді әкім.
Ақпараттық технологиялар колледжінде облыс әкіміне «TEKRI» компаниясы шығаратын виртуалды шындық негізінде жасалған тренажерлер көрсетілді. Оқу орнының түлегі Роман Киселев құрылуына өзі атсалысқан «Беларус» тракторын құрастыру және бөлшектеу интерактивті модулін көрсетті. Өңір басшысы заманауи ауыл шаруашылығы техникасын басқаруды үйрету үшін осындай технологияларды енгізуді ұсынды.
«Біздің аграрийлер осы жұмысқа Грузия, Украина және Беларусь мамандарын шақыруға мәжбүр, себебі бізде дайын адамдарды таба алмай отыр. Жергілікті механизаторлардың жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы машиналарын меңгеруі үшін тренажерде дайындықтан өтуге мүмкіндіктер туындаса, жақсы болар еді», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Сондай-ақ, әкім ақпараттық технологиялар колледжінің шеберханаларында болып қайтты. Онда студенттер бағдарламалауды, робот техниканы және 3D модельдеуді тәжірибе жүзінде меңгереді. Өңір басшысына оқу орнының негізінде IT-хаб құрылатыны жеткізілді.
«IT-хаб бизнес-инкубатордан, құзыреттер орталығынан, кәсіби бағдарлау және мансап орталығынан құралмақ. Сонымен қатар, біз мүгедектігі бар оқушылар үшін қолжетімді орта құрғымыз келеді. IT-хаб жұмысына қажетті оқытушылар құрамы бізде бар», - деді оқу орнының басшысы Серік Жартыбаев.
Электроника және коммуникациялардың жоғары колледжінде аймақ басшысы ұтқыр робот техникасы, пилотсыз ұшу аппаратын басқару, электроника және т.б. зертханаларында болды. Оқу орнында студенттер талшықты-оптикалық желілерді монтаждаудағы тәжірибе жинақтайтын «полигон» жұмыс істейді. Бұл оқушылардың өндіріске шығу кезіндегі мүмкіндіктерін арттырады. Колледж түлектері жергілікті ірі телекоммуникация кәсіпорындары тарапынан сұранысқа ие.