Алаңға жиналған жұртты облыс әкімі Болат Бақауов келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізге тыныштық, береке-бірлік тіледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Наурыз келгенде табиғат жаңарып, адам баласына күн нұры төгіледі. Осы күннен бастап күн мен түн теңеліп, табиғатқа жан бітеді. Биыл Павлодар облысында Наурыз мейрамын тойлау деңгейін жылдағыдан ұлғатып, кең көлемде атап өтуді қолға алып отырмыз. Осылайша қыстың өткені, жаздың жеткенін сезінетін боламыз», - деді Болат Бақауов.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Бәйтеновтың сөзінше, осы күні бес мың адамға Наурыз көжесі тегін таратылған. Ұлттық тағамымызды молынан әзірлеп әкеліп, жиналған халықтың ыстық ықыласына бөленгендердің бірі - Павлодар қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы. - Ұлыстың ұлы күні қарсаңында көже, палау және бауырсақ пісіріп әкеліп, тегін үлестіру жыл сайынғы бұлжымас дәстүріміз. Биыл 1 мың 500 адамға шақтап дайындадық. Атап айтар болсақ, 300 келі палау, 100 лит көже және 3 мың дана бауырсақты біздің мамандар тегін үлестірді, - дейді бөлім басшысының орынбасары, - Рымкеш Сағынова.
Айта кетейік, биылғы Наурыз тойының келуімен барша Павлодар жұртын құттықтауға «Ұлытау», «Асыл» топтары және Гүлнұр Оразымбетова мен Ерке Еспмахан сынды қазақ эстрада жұлдыздары келіп, мерекенің сән-салтанатын келтірді. Осы күні орталық алаңға жиналған жұрттың арасында түрлі ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға түрлі сый-сияпаттар таратылды.