Павлодардағы шеруге 4500 оқушы қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында Халықаралық балалар күніне орай 4500 оқушының қатысуымен балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің ауқымды шеру өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .



Шараға облыстағы 73 білім беру мекемесінің музыкалық ұжымдары қатысты. 45 бағанға бөлінген 4500 адам 34 көркемдік би шығармаларын орындады. Әр аудан мен қалалық мектептерден 100 оқушыдан келді. Айтулы мерекемен жас өрендерді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтап, ізгі тілегін білдірді. - Біз бұл шараға екі айдай уақыт дайындалдық, - дейді Ақтоғай ауданындағы С. Мүткенов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Гүлжан Жумалинова. - Ауданымыздан 100 оқушы қатысып, шеберліктерін көрсетеді. Киімдерді арнайы тіктіріп берді. Керемет шеруге қатысу мүмкіндігіне ие болғаным үшін үлкен қуанышты сезімдемін. Осындай мерекелер  естен кетпейді және үлкен әсер қалдырады.

 

- Мұндай шара қаламызда алғаш рет өткізіліп отыр. Әр мерекенің өзіндік ерекшелігі бар. Ал, бүгінгі балаларды қорғау күні ерекше сәнді, шынайы түрде өтуде. Шеру оқушыларымыздың шығармашылық әлеуетін көтеруге септігін тигізеді. Барша қазақстандықтарды 1-маусым мерекесімен құттықтаймын, - деп тілегін білдірді қалалық №9 мектеп гимназиясы ата-аналар ұйымының өкілі Вера Шейхер.

 

Облыстық білім беру басқармасының ұсынған ақпаратына сүйенсек, мерекелік шеруді ұйымдастыруға және өткізуге жергілікті бюджеттен 65,1 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Trust» компаниясы 49 млн 950 мың теңге көлемінде демеушілік көмек көрсеткен.