Павлодардағы тарихи-өлкетану мұражайы құнды жәдігерлермен толықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодардағы Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі құнды жәдігерлермен толықты. Мұндағы қызметкерлердің дәстүрлі экспедициясы биыл Ертіс, Қачиыр, Железин аудандарымен қатар Ресейдің Омбы облысына да барды, деп жазады Хабар 24.

Бұл аймақтарда қазақтар көп шоғырланған. Мұнда көне тұрмыстық заттар мен зергерлік әшекей бұйымдар табылған. Олардың ішінде ең құндысы - 20-ғасырдың басында өмір сүрген қазақ биіне тиесілі, күміспен көмкерілген кісе белбеу.  Оны осы уақытқа дейін сақтап келген омбылықтар арнайы табыстапты. Қазір облыстық тарихи өлкетану музейінде 70 мыңнан астам экспонат бар. Экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқандықтан зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады.

«Соның жақсы нәтижесі көптеген экспонат келіп, біздің мұражайдың қорын толықтырды. Бұның ішінде ен құнды экспонат бұл кісе белбеу, ол теріден жасалған. Күміспен әшекейленген. Енді мұражайдың 40 пайыз қоры осы экспедицияның нәтижесінде жиналған экспонаттар деп айтуға болады», -  дейді Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Нұрахметова.