Облыстық білім беру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, биыл өңірде 3738 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде жалпы орта білім туралы ерекше үлгідегі аттестат және «Алтын белгі» төсбелгісінің үміткерлері - 146. Павлодар қаласының жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептердің 1481 түлегі үшін «Жас толқын-2017» салтанатты кеші 2017 жылғы 10 маусым сағат 21.00-ден 24.00-ге дейін орталық стадионда өтеді. Бағдарламаға сәйкес жастарға жалпы орта білім туралы ерекше үлгідегі аттестат және «Алтын белгі» төсбелгісі салтанатты түрде табысталып, облыс әкімінің атынан бағалы сыйлықтар (ноутбуктер) сыйға тартылады. Сондай-ақ, отандық эстраданың атақты әртістері өнер көрсетіп, от шашу болады.
«Біз жылдағыдай түлектер арасында сауалнама жасадық. Павлодарлықтардың басым бөлігі Қайрат пен Әлішерді көргілері келеді. Дегенмен олардың келуі, келмеуі белгісіз, нақты шешім 8-маусым күні шығарылады», - деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасында.