Павлодарды жайлаған жағымсыз иіс тұрғындарды алаңдатып қойды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Демалыс күндері облыс орталығының тұрғындары жағымсыз иіске шағымданды. Экология департаменті ауаны ластағыш заттардың шекті мөлшерден көбеймегенін айтып отыр.

Фото: Артем Волков/Kazinform

Павлодарды сенбі-жексенбі күндері жағымсыз иіс жайлады. Әсіресе, қолқаны ататын иіс шаһардың орталық бөлігінде ерекше сезілген. Тұрғындардан бұл жайтқа қатысты шағымдар жиілеген. 

Өңірлік экология департаменті қала тұрғындары тарапынан шағымдардың болғанын растады.

«Қазгидромет» қаладағы ауаға үнемі мониторинг жүргізеді. Бірақ мекеме мамандары ауаны ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі тіркелмегенін хабарлады.

- Мониторинг қала бойынша 7 стационарлы бекетте жүргізіледі. Олар Мәскеу, 12/1, Айманов 26/1, Ломов, Казправда, Естай 54, Затон 39, Генерал Дүйсенов және Торайғыров көшелерінің қиылысындағы жерлерде орналасқан. «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша 2025 жылғы 2-4 тамыз күндері аталған бекеттерде ауаны ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі тіркелмеген,-деп хабарлады экология департаментінен.

Бұған қоса департаменттің экологиялық жылжымалы зертханасы Усолка, Химқалашық, Орталық әмбебап дүкен ауданы, Назарбаев даңғылы мен Толстой көшелері қиылысы, Павлодар мұнай-химия зауытының санитарлық-қорғау аймағына көшпелі мониторинг жүргізіп, атмосфералық ауаның құрамын тексерген. Қазіргі уақытта мамандар шаһардағы ауаның сапасын қадағалау жұмыстары жалғасып жатқанына сендірді. Шекті-рұқсат етілген концентрациядан асқан жағдайлар тіркелсе, инспекторлық ден қою шаралары басталатынын мәлім етті.

Еске сала кетейік, Қарағандыда ауыл тұрғындары экологиялық қауіпке тосқауыл қойды.