Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Әсет Байманқұловтың айтуынша, Павлодар облысының агроөнеркәсіп саласында маман тапшылығы бар.
— Атап айтқанда, жұмысшы мамандықтар бойынша тракторист, машинист, операторлар және агрономдар жетіспейді. Қара жұмысқа адам табылғанымен, техниканың тілін білетін кәсіби маман аз. Кей қожалықта электронды бақташы жүйесі орнатылып жатыр. Жылқышының өзі көлікпен жүреді. Жалақысы да жақсы төленеді. Бірақ жастардың бұл кәсіпке қызығушылығы аз. Жергілікті шаруалар мал басын көбейтіп, егін егумен айналысады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, экспортқа шығарып отырғандары бар. Алайда кәсіпті кеңейтуге кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр, — дейді ол.
Ауыл шаруашылығында мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Әрі шаруашылықтар қазір цифрлық техникаларды қолдана бастаған. Бірақ оның тілін білетін жастардың ауылға барғысы жоқ.
Кейбір шаруашылықтар жұмысшылардың еңбекақысын 700 мың теңгеге дейін көтерген. Соған қарамастан жас кадрлардың ынтасы әзірше төмен болып тұр.
Алдағы екі жылда өңірде 32 инвестициялық жобаның жүзеге асатынын ескерсек, білікті мамандарға сұраныс тіпті артады деген сөз.
Еске сала кетейік, елімізде түлектердің 40 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді.