Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев мәлім етті.
— Кешкілік уақытта қаладағы Орталық жағажайда серуендейтін адамдардың қарасы қалың. Көптеген ата-ана балаларын қыдыртып жүреді. Сондықтан бұл аумақта біз электр самокаттарымен жүруге тыйым салуды ұсынып отырмыз. Бұл мәселені қазір каршерингтік компаниямен талқылап жатырмыз, — дейді ол.
Жыл басынан өңірде электр самокаттарының қатысумен 1 жол-көлік оқиғасы ғана тіркелген. Әйел адам мінген көлік құралы Павлодар қаласында 5 жасар қызды қағып кеткен. Заң бұзған тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, электр самокаттардың жылдамдығына қатысты тәртіп қайта қаралуы мүмкін.