Павлодардың жеке секторында үй мен қазандық өртенді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өрттің жалпы аумағы 80 шаршы метрді құраған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 33 құтқарушы мен 7 техника жұмылдырылды.
Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"20 наурыз күні сағат 03:41-де Павлодар қаласындағы Больничный көшесінің қиылысында орналасқан үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндірушілер жіберілді. 4 бөлмелі кірпіш үйдің ағаш шатыры және ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықтың төбе тақтайлары отқа оранғандығы анықталды. Өрттің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрады. Сағат 05:06-де өрт толықтай сөндірілді", - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша, өрт пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан болған.