Алғашқы қоныс иелеріне пәтер кілттері Тәуелсіздік күні табысталды.
Тұрғын үйге медицина қызметкерлері, педагог, полиция қызметкерлері және т.б. ие болды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ауыл тұрғындарын қос мереке — қоныс тойымен және Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Ертіс ауылында екі қабатты үш үйдің тапсырылуының арқасында аудан бойынша тұрғын үй кезегі 30 пайызға азайғанын атап өтті.
«Құрылысшылар жұмысты уақытында тапсырып, Ертіс ауылының тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп тастады. Барлық жаңа қоныстанушыларға мықты денсаулық тілеймін. Туған өлкеңіздің және бүкіл еліміздің игілігі үшін бұдан әрі де еңбек ететіндеріңізге сенімдімін», - деді өңір басшысы.
Жаңа екі қабатты үйлердегі пәтер кілттерін көпбалалы отбасылар да алды. Олардың қатарында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған Салтанат пен Жоламан Өртенбаевтар да бар. Ерлі-зайыптылар әлі күнге дейін жайлы үйге қоныстанғанына сене алар емес. Бұған дейін бұл отбасы жалға алынған жер үйде тұрып келген болатын.
«Жаңа пәтерде барлық жағдай жасалған – бұл ең маңызды артықшылық. Жер үйде бөлмені жылы ұстауға, үнемі пеш жағуға, көмірге, отынға көп ақша жұмсауға тура келеді. Енді мұндай мәселе жоқ», - дейді Өртенбаевтар.
Ертіс ауылында үш 24 пәтерлі үйден тұратын кешен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша салынды. Аудан орталығының тұрғындарына пәтерлер кейін сатып алу құқығымен жалға беріліп отыр.
Суретті түсірген Валерий Бугаев
07:49, 17 Желтоқсан 2020
Павлодардың Ертіс ауданында 24 пәтерлі үш үй пайдалануға берілді
ПАВЛОРДАР. ҚазАқпарат – Павлодардың Ертіс ауданында 24 пәтерлі үш үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.