Павлодарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысы 2025 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы өңір әкімі Асайын Байханов хабарлады.

– Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы тұрақты өсімге ие. Өңірге 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Осы нәтижемен өңір республикада 2-ші орында тұр, – деді А. Байханов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, тартылған қаражаттың 80%-ы – жеке сектордың қаражаты. Бүгінде жалпы құны 7,3 трлн теңгені құрайтын 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобалардың негізгі бөлігі өнеркәсіп саласына тиесілі – 31 жоба, агроөнеркәсіптік кешенде – 48 жоба бар. Сонымен бірге, жоба пулына туризм саласындағы 7 жоба, энергетикадағы – 5 жоба, медицинадағы – 2 жоба, көлік және логистикадағы – 1 жоба, экология саласындағы – 2 жоба, сауда және қызмет көрсету саласындағы – 6 жоба кіреді.

Айта кетейік, Павлодар облысында құны 100 млн теңгеден асатын жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.