Павлодарға Беларусьтен жаңа трамвайлар әкелінді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарға теміржол көлігі арқылы Беларусьте шығарылған жаңа трамвай жеткізілді, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі.

«Бүгін Минск қаласынан жаңа трамвай келді. Бұл -  көптен күткен қуаныш болатын, алыстан жеткізілген алғашқы көлік құралы жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгін кешке Астанадан екінші вагон келуі керек. Үшінші вагон кеше Минскіден тиеліп жолға шықты. Төртінші, бесінші вагондар Минск зауытында құрастырылып жатыр», - деді «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Айтуар Жанғазин.   

Басқарма төрағасының айтуына қарағанда, жылыту жүйелері арнайы тапсырыспен жасалған  трамвайларды қолданысқа беру үшін Минск қаласынан арнайы мамандар да келген.

Алдағы аптада жаңа  вагондардың салтанатты тұсаукесері өтпек. Депо қызметкерлері Тәуелсіздік күні қарсаңында қала тұрғындары жаңа трамвайлармен жүретін болады деп уәде беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар