Павлодарға шыбын-шіркейді әуеден улайтын 10 ұшақ жеткізілді

Фото: Фото: Валерий Бугаев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Олар Ертіс өзені жайылмаларына биологиялық препарат шашып, қансорғыш жәндіктерді жояды.  Дезинсекциялық іс-шаралар өзендер жағалауларында орналасқан 59 елді мекенде жоспарланған.

Өңірде шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары басталды. Биыл әуеден, өзен арқылы және тосқауылмен өңдеу шаралары күшейтілді. 

Фото: Валерий Бугаев

Өңдеу аумағының 45 мың гектарға ұлғаюына байланысты қосымша ұшақтар тартылған. Жұмыстың ауқымдылығына орай әуеден дезинсекциялық жұмыстар жүргізетін 10 ұшақ жеткізілді.

- Барлық ұшақ келді, мердігердің қажетті лицензиясы бар. Ендігі кезекте шыбын-шіркейлердің жаппай ұшып шығатын күнін белгілеу маңызды - бұл судың толық жайылғанынан кейін мүмкін болады. Ғылыми топ ұсыныс бергеннен кейін негізгі жұмыстар басталады. Стратегия құрылып, алгоритм бекітілді және әрбір кезең ғылыми топтың бақылауымен өтеді, - деп хабарлады өңірлік әкімнің баспасөз қызметінен.

Дезинсекциялық іс-шаралар жағалау бойында орналасқан облыстың 59 елді мекенінде жоспарланған. Өзенді өңдеу жұмыстары 10 құю нүктеден үш кезеңде жүзеге асырылады. Ертіс өзенінің Белая, Подстепка, Теплая, Түлкі, Каратунь, Талинка және Орловка сияқты тармақтарын өңдеу үшін қосымша 15 моторлы қайық тартылады. 

Фото: Валерий Бугаев

Өңірге қажетті препараттардың барлық көлемі жеткізілді: биологиялық - 182 мың кг және химиялық - 14,6 мың литр. 293 мың литр биопрепараттың жұмыс суспензиясы дайындалды. 

Фото: Валерий Бугаев

9 сәуірден бастап уақытша су айдындарын жерден өңдеу басталған. Сонымен қатар жертөлелерді дезинсекциялау жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, биыл Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы 172 мың гектар алқап өңделеді.