Павлодарлық еріктілер өңір тұрғындары мен кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері, жергілікті мәслихаттардың депутаттары жинаған гуманитарлық көмекті Ақмола облысының Астраханка ауылы мен Атбасар қаласына, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласына жеткізді.
«Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың отбасылары үшін шамамен 13 тонна азық-түлік, гигиеналық заттар, матрацтар, сусындар, тұрмыстық тауарлар және жылытқыштар апарылды», - деп хабарлады Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығынан.
Бұдан бір апта бұрын жастар бастамаларын дамыту орталығы алғашқы гуманитарлық көмекті үш күнде жинап, Ақтоғай ауданының Жалаулы мен Шолақсор ауылдарына жіберген болатын. Алдағы уақытта еріктілер елден көмек жинау шараларын жалғастыра береді.