Павлодарлық фермерлер тұрғын үй субсидиясын ала алмай отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы инвесторлар тұрғын үй құрылысы бойынша шығындарға субсидия ала алмай отыр. Айтуларынша, аймақта ауылдардың арнайы тізімі бекітілмеген. Ал ауылдарда қазірдің өзінде 24 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Биыл жыл басында еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалдамалы тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары бекітілген. Ережеде жұмыс берушімен салынып, пайдалануға берілген тұрғын үй шығындарын субсидиялау қарастырылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша ауылшаруашылық тауарын өндірушілермен 24 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Жандос Сағатбековтың айтуынша, құрылыстарды субсидиялау үшін жергілікті атқарушы органдар аумағында инвесторлар тұрғын үй салуды жоспарлап отырған ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін анықтап, жергілікті өкілді органдармен бекітуі қажет. Алайда біздің өңірде бұл тізім бекітілмеген. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар аталған бағытты субсидиялай алмайды және қазірдің өзінде бірқатар кедергі бар.

Белгілі болғандай, «Кронос-Павлодар» ЖШС биылғы наурыз айында өздерін аталған тізімге енгізуді өтінген. Бірақ мәселе сол күйі орнынан қозғалмаған. Инвестор Ақсу қаласының Қанаш Қамзин ауылында құрылыс жүргізіліп жатқандығы туралы қайталап өтініш берген. Өтінішті қабылдап алғандар тізімге енгізілетінін айтыпты. Алайда ақыр-соңы тізімнің бекітілмегені анықталып отыр. «Кронос-Павлодар» ЖШС-ның заңгері Тамила Гашимованың айтуынша, қаңтар айынан бастап компания Қанаш Қамзин ауылын құрылыс жүргізетін ауылдар тізіміне енгізу туралы бірнеше хат жазған.

«Биылғы 5 тамызда Ақсу қаласының құрылыс бөлімі мен Павлодар облысының құрылыс басқармасынан елді мекеннің тізімге енгізілетіні туралы жауап келді. Өкінішке қарай, содан бері біз қосымша ешқандай ақпарат ала алмай отырмыз. Ал тұрғын үйлердің құрылысын бастап кеткенбіз, қазір жоба қызу жүріп жатыр», — дейді ол. 

Серіктестік тауарлы сүт фермасы инвестициялық жобасы шеңберінде өз жұмысшылары үшін жалға берілетін тұрғын үй тұрғызуда.

Мұндай мәселеге Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС да кезігіп отыр.

«Біз өз қаражатымызды тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың құрылысына салып жатырмыз. «Победа» ЖШС өзі орналасқан Орловка ауылындағы барлық әлеуметтік саланы үнемі қолдаумен келеді. Өткен жылы екі пәтерлі бір үй пайдалануға берілді. Биыл тағы бір баспананың құрылысын бастап кеттік, оны 2025 жылы пайдалануға береміз. Біз алдағы уақытта тізімге еніп, мемлекеттен берілетін субсидияға ілігеміз деген үміттеміз», — дейді серіктестік директоры Владимир Поляков.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Өңірлік құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұрат қаңтарда бекітілген субсидиялау ережесін жүзеге асыру облыста кемшін қалғанын жасырмады. Өкінішке қарай, құрылысқа жауапты жергілікті органдар тиісті дәрежеде жұмыстар жүргізбеген. Субсидия төлеу үшін мемлекеттік мекемелерге ең алдымен ауыл тізімін бекіту қажет. Құрылыс басқармасы бұл жұмысты біртіндеп бастап, облыстың бес өңірінде, атап айтқанда, Ақсу қаласында, Ертіс, Аққулы, Шарбақты, Железин аудандарындағы әлеуетті ауылдар анықталған. Тізімді бекіту үшін облыстық мәслихатқа тиісті хат жолданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін павлодарлық кәсіпкер «жұмыскерін» субсидияланатын техникалар тізіміне енгізгісі келетіні айтылды.