Павлодарлық картоп төрт мемлекетке экспортталып жатыр

Фото: Валерий Бугаев/ Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл Ертіс-Баян өңірінің фермерлері 900 мың тоннаға жуық картоп жинады. Бүгінде өнімнің 10%-ы сыртқы елдерге экспортталған.

Павлодар облысында биыл 836,8 мың гектар алқапта астық жиналды. Жалпы өнім 1 млн 105,8 мың тоннаны құрап, орташа өнімділік гектарына 13,2 центнерді көрсетті.

— Ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша ең жоғары өнімділік картоптан түсті — гектарынан 296 тонна, сондай-ақ гектарынан 13,7 центнер бидай, 10,9 центнер қарақұмық жиналды. Диқандар қазірдің өзінде 357 мың тоннадан астам бидайды Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан мемлекеттеріне экспорттады, — деп хабарлады өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исин.

Картоп дақылы 30,2 мың гектардан жиналып, жалпы көлемі 894,8 мың тонна өнім қамбаларға құйылған. Павлодар картобы сапасымен ерекшеленеді әрі елімізбен қатар, көршілес мемлекеттерде жоғары бағаланады. Жергілікті фермерлердің өнімін қазірдің өзінде сырт елдерден сатып алып жатқандар бар.

— 88 534,8 тонна картоп сыртқа экспортталды. Оның ішінде негізгі экспорттаушы ел — Өзбекстан, олар 85,9 мың тонна картоп сатып алды. Ал Ресейге 1512 тонна, Түрікменстанға 1020 тонна, Қырғызстанға 22 тонна жөнелтілді, — деп қосты басқарма басшысы.

Облыстағы егін шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 6,1 млрд теңге субсидия бөлінген. Қаражат минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтердің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметінің құнын субсидиялауға, басымды өсімдік шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға бағытталған. Қазіргі уақытта егін шаруашылығын субсидиялауға қосымша бюджеттік қажеттілік 7,98 млрд теңгені құрап отыр.

Еске сала кетейік, елде егін жинау науқаны аяқталды.