Павлодарлық кәсіпкер өз қызметкерлерінің карталары арқылы 100 млн теңгеден астам заңсыз аударым жасаған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда киім сататын бутиктердің иесі қызметкерлерінің банк карталарын пайдаланып, 107 миллион теңгеге жуық қаражат аударған деген күдікке ілінді.

Фото: ТРТ

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мұны бизнесін дамыту және кассалық аппараттардың өткізу мүмкіндігі шектеулі екенін алға тартып жүзеге асырған. Қылмыстық іс соттың қарауына жіберілген.

Тергеу мәліметінше, кәсіпкер 2024–2025 жылдар аралығында қызметкерлерінің карточкалық шоттары арқылы ақша аударымдарын жүргізген. Оған қылмыстық жолмен алынған қаражатты түрлі шоттар арқылы өткізуге мүдделі адамдар жүгінген деген болжам бар.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, қызметкерлер бұл аударымдар туралы хабарсыз болған.

- Олар жүргізілген аударымдардан бейхабар болған. Кәсіпкер бизнесін дамыту қажеттігін, бір ғана кассалық аппарат арқылы үлкен сомаларды өткізуге үлгермейтінін және қосылған құн салығын төлеушілер қатарына өтуі мүмкін екенін сылтау еткен. Осы уәждермен қызметкерлерінің банк карталарын алып, интернет-алаяқтықтан және басқа да қылмыстық әрекеттерден түскен қаражатты аударып отырған, – дейді Ғалиасқар Қасымов.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталып, материалдар соттың қарауына жолданған. Істің мән-жайына қатысты түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

Еске сала кетейік, 5 млн теңгеге дейінгі несиені кешіруге уәде берген алаяқтар ұсталды.