Павлодарлық кәсіпкерлерге жыл басынан 105 жер телімі берілген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Жыл басынан бері Павлодар облысының қалалары мен аудандарының әкімдіктері 35 аукцион өткізген. Барлығы 240 миллион теңгеден астам қаржыға, жалпы аумағы 190 гектар болатын 105 жер телімі берілген.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Павлодар облысында жерлерді коммерциялық мақсатта пайдалануға беру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов елді мекендердегі жерлерге кәсіпкерлерді орналастырудың өзіндік тәртібі бары екенін жеткізді. 

- Мемлекеттік мүлік тізілімінің www.sauda.e-qazyna.kz веб-порталында тіркелген, қалалар мен ауылдар ішіндегі жер телімдері әлі де аукцион арқылы беріледі. Аукцион ағылшын әдісімен, яғни бағаны көтерумен өтіп жатыр. Жеңімпазды анықтаудың басты өлшемі – қатысушылар ұсынған баға. Жыл басынан бері облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктері 35 аукцион өткізді. Барлығы 240 миллион теңгеден астам қаржыға жалпы аумағы 190 гектар болатын 105 жер телімі берілді,-деп хабарлады Мұрат Хамитов.

Еске сала кетейік, Пайдалы қазбаларды өндіруші компания Баянауылдағы жерді өз бетінше иеленіп алған.