Павлодарлық кәсіпорын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ірі көлемде айыппұл төледі

Фото: Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Прокуратура органдары «KSP Steel» ЖШС-нің тиісті рұқсаты жоқ заңды тұлғаға 8,5 мың тонна қауіпті өнеркәсіптік қалдықтарды беру фактілерін анықтады. Аталған факті экологиялық заңнаманың талаптарына қайшы келеді. Бұл туралы Павлодар облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

— «KSP Steel» ЖШС әлдебір заңды тұлғаға тиісті рұқсат құжаттары жоқтығына қарамастан 8,5 мың тонна қауіпті өнеркәсіптік қалдықтарын берген. Аталған фактіні прокурорлар анықтады. Кәсіпорын басшылығының жасаған әрекеті экологиялық талаптарға қарама-қайшы, — деп мәлімдеді құзырлы органнан.

Қадағалау актісі бойынша салық органдары да өз тараптарынан іске кірісті. Нәтижесінде «KSP Steel» ЖШС-нен қоршаған ортаға эмиссиялар үшін 106 млн теңге мөлшерінде төлем өндірілді.

Еске сала кетейік, Ертіс-Баян өңірі бюджеттің орындалуы бойынша республикада көш басына шықты.