Павлодарлық құтқарушылар бұдан былай жағажайдағы қауіпсіздікті дронмен бақылайды

Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдары қашықтан басқарылатын ұшу аппараттарымен жабдықталды. Құралдар дауыс зорайтқышпен жарақталған.

Енді қызметкерлер әуе мониторингін жүргізіп қана қоймай, жағажайда демалушыларды қауіпсіздік ережелері туралы қашықтан хабардар ете алады. Әрі су айдындарында ересектердің қарауынсыз жүрген балаларды анықтап, төтенше оқиғаларға жедел ден қояды.

Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

- Бұл құралдар біздің құтқарушылардың жұмысын күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Жыл басынан бері өткізілген іс-шаралар барысында құтқарушылар 121 адамды, оның ішінде 10 баланы құтқарып қалды. Ал су айдындарында 19 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Тек Баянауыл ауданында туристік маусым ашылғалы іздестіру-құтқару іс-шаралары барысында 24 азаматқа көмек көрсетілді. Алты азамат таулы жерден эвакуацияланды. Су айдындары мен танымал туристік маршруттарда құтқарушылардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды,-деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

Департамент бөлімшелері қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, «Марлин», «Гладиус» құтқару қайықтарымен, квадроциклдермен, жол талғамайтын автокөліктермен қамтылған. Сондай-ақ кинологиялық құрылыммен, арнайы құтқару жабдықтарының жиынтықтарымен қамтамасыз етілген.

Еске сала кетейік, СҚО-да құтқарушылар өрт кезінде жарылыс қаупінің алдын алды.