БҰҰ Бас хатшысы: Африка «жаңартылатын энергия державасына» айнала алады
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Жапонияда өткен Африканың дамуына арналған үш күндік конференция барысында Африка континентінің «жаңартылатын энергия саласындағы державаға» айналуға барлық алғышарт бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Оның айтуынша, Африка күн мен жел энергиясына бай, сонымен қатар жаңа технологияларды дамытуға қажетті маңызды минералдық ресурстарға ие. Гутерриш жасыл энергетикаға инвестицияны арттырудың маңыздылығын атап өтіп, табиғи байлықтар ең алдымен жергілікті халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс екенін жеткізді.
Иокогамада өткен Африканың дамуы жөніндегі Токио халықаралық конференциясында (TICAD) сөз сөйлеген ол жасыл энергетиканың электр энергиясының құнын төмендетуге, жеткізу тізбегін әртараптандыруға және көміртекті азайту процесін жеделдетуге ықпал ететінін айтты.
— Біз қаржы мен технологияны жұмылдырып, бүкіл континент бойынша жаңартылатын энергия мен өндірістің өркендеуіне жол ашуымыз керек, — деді Бас хатшы.
Сондай-ақ ол «қарыз дамуды тұншықтырмауы тиіс» деп ескертіп, жеңілдетілген қаржыландыру мен көпжақты даму банктері тарапынан несие мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызын атап өтті.
Форумға Нигерия президенті Бола Тинубу, Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса және Кения президенті Уильям Руто қатысты. Африкалық көшбасшылар өз сөздерінде көмек жүйесінен инвестициялық әріптестікке көшу қажеттігін айтты. Руто Кенияның Toyota компаниясымен 5 мың электромобиль жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.