Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда қарт адамдарды азаптаумен және алаяқтық әрекеттермен айналысатын қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Қалалық прокуратура полиция департаментімен бірлесіп, мүгедектігі бар зейнеткерлерді үнемі ұрып-соққан жеке пансионатты анықтады.
– Пансионат қызметкерлері 20 қарт адамның конституциялық құқықтарын өрескел бұзған (тамақтануын, қозғалысын шектеген, ұрып-соққан) және ұзақ уақыт бойы қайтыс болған адамдардың пәтерлерін жалға беріп келген, – деп мәлімдеді прокуратурадан.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Оларды тергеп-тексеру ішкі істер органдарына тапсырылды.
ҚР Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске сала кетейік, Павлодарда пәтер өртеніп, зейнеткер көз жұмды.